Мұрағаттар
-
Нөмір 2 № 1 (2024)
Қазақстанның байырғы тарихының белгілері ғылыми қызығушылықты тоқтатқан емес. Көне қаланың іздері мен әр жерден менмұндалап көрінетін ұлы қорғандардың қалдықтары, байырғы металлургияның ошақтары, әдет-ғұрып орындары, ежелгі еңбек құралы, керамика мен ескі тиын мәнеттері – бәрі де бұрынғы өткен дәуірдің адамға айрықша әсер қалдыратын белгілері.
Қазақстанның археологиялық мұрасына жасалған советтік кезеңдегі және одан кейінгі зерттеулер отан тарихының көкжиегін елеулі кеңітіп, кең байтақ жерімізде ежелгі және дамыған археологиялық мәдениеттер өмір сүргенін және оның адамзат өркениетінің өзге де ежелгі ошақтарымен ілкі байланыстарда болғанын дәлелдеді. Археологиялық зерттеу нәтижелерін музейлер мен мектеп оқулықтарында көрсетіліп, ескерткіштер мен мемлекеттік рәміздерде бейнеленгені – ежелгі кезеңнің бүгін де маңызды екенін білдіреді. Кейде археологиялық құнды мағлұматтарды әркім әрқалай түсінетін, ғылыми негізсіз болжам жасап, тіпті қиял-ғажайып құбылысқа да айналдыратын сәттер жоқ емес. Мұндайдың алдын алу, жол бермеу үшін Қазақстан археологтары ғылыми зерттеумен қатар қоғаммен диалог орнатып, күрделі зерттеулердің мақсаты мен әдіс-тәсілдерін қарапайым тәсілмен түсіндіріп те жүр.
Qazaq Historical Review ғылыми журналының бұл нөмірі археологиялық зерттеулердің өзекті қорытындыларына арналған. Редакция алқасы ғылыми ізденістер мен нәтижелерді жариялау мақсатымен Қазақстанның қазіргі белгілі археологтарын автор ретінде тартып отыр. Жаңа материалдар кейінгі зерттеулерге пайдасын тигізеді деп үміттенеміз.
Антонина Ермолаева, Альбина Ержанова, Екатерина Дубягиналардан құралған Әлкей Марғұлан атындағы археология институтының зерттеушілер Жезқазған-Ұлытау таулы-металлургия орталығы – Талдысай қонысы туралы жаңа мағлұматтар жариялап отыр. Археология институтының аға ғылыми қызметкері Татьяна Лошакова Маңғыстау Үстіртіндегі қола дәуірінің қоныстары – Тоқсанбай, Айтман және Маңайсор жөніндегі тарихи-археологиялық зерттеулерінің қорытындыларын кең ауқымда баяндаған. Ильяр Камалдиновтың мақаласында дала қыранының бейнесі мен эпиграфия өрнегі салынған X–XI ғасырлардағы кесе сөз болған. Кесе ортағасырлық Отырар қаласы шахристанының солтүстігін қазғанда табылған. Археология институтының жетекші ғылыми қызметкері, тарих ғылымдарының кандидаты Әceмгүл Қaceнoвa Орталық Қазақстанның тас мүсіндердің тарихы мен олардың қазіргі зерттелуі мәселесін қарастырады. Тарих ғылымдарының кандидаттары Жанболат Өтебаев пен Сергей Болелов өз мақалаларын Сырдарияның ежелгі арналарының өзгерістері мен оның бойындағы қоныстардың біздің заманымызға дейінгі І мыңжылдықтағы қалыптасу, даму тарихын зерттеуге арнаған. Археология институтының жетекші ғылыми қызметкері, тарих ғылымдарының кандидаты Дөкей Тәлеев Сырдарияның төменгі ағысындағы көне Баршынкент пен Жайық жағасындағы Сарайшық қалаларын Жошы ұлысының сауда-экономикалық қана емес, рухани киелі орталығы ретінде қарастырған.
Журналдың бұл нөмірінің арнаулы редакторы: тарих ғылымдарының кандидаты Әceмгүл Қaceнoвa.
-
Нөмір 1 № 1 (2023)
Қазақстандағы соңғы онжылдық орта ғасырлардағы қазақ мемлекеттілігінің тарихына зерттеушілер мен қалың жұртшылықтың айтарлықтай қызығушылықтың артуымен ерекшеленді. Ортағасырлық қазақ мемлекеті туралы көне карталардағы мәліметтерге көп көңіл бөлінді. Ортағасырлық картография бойынша ғылыми зерттеулермен қатар әрқашан объективті басылымдар пайда бола бермейді, сондықтан бірінші нөмірдің тақырыптық блогы осы өзекті мәселеге арналған. Осыған орай, АБДИ гуманитарлық зерттеу институтының ұжымы мен редакциясы бірауыздан «Qazaq Historical Review» журналының №1 2023 санын Қазақстанның, Орталық Азияның және бүкіл Еуразияның тарихи картографиясының мәселелеріне арнау туралы шешім қабылдады. Редакция алқасы ғылыми зерттеулерінің нәтижелерін жариялау үшін қазіргі заманғы жетекші тарихшыларды, географтарды және этнографтарды автор ретінде шақырды. Жарияланған жаңа материал Қазақстандағы тарих, география және картография ғылымының дамуына дұрыс ғылыми бағыт береді деп сенеміз.
Біз карталарды жақсы цифрлық сапада беруге тырыстық және оларды QR кодымен үйлестірдік. Мобильді құрылғының камерасын пайдаланып, оны сканерлеп, жоғары сапалы көрнекі суретке қол жеткізе аласыз.
Галина Н. Ксенжик пен Ерлан Т. Қариннің мақаласы Қазақстан тарихы бойынша XVII–XX ғасырдың басындағы ресей картографиялық материалдарының жиынтық каталогын талдауға арналған.
Шығарылымның маңызды бөлігі Орталық Азия туралы ортағасырлық еуропалық картографиялық ойға, атап айтқанда, Энтони (Антонио) Дженкинсонның тамаша карталарына арналған.
Францияның Ұлттық ғылыми зерттеулер орталығының профессоры Светлана М. Горшенина Дженкинсонның Орталық Азияға арналған XVI ғасырдағы жаңа картографиялық схемасын талдайды. Атап айтқанда, мақала авторы өз карталарынан белгілі Қытай көлін Арал теңізі деп түсіндіреді.
Доктор Нұрлан Кенжеахмет өз мақаласында бұл көл қазіргі Телецкое көліне сәйкес келеді деп болжайды. Оның мақаласында Еуропа карталарындағы қазақ даласы мен Орта Азия туралы мәліметтер жан-жақты қарастырылды.
Қазақ этнографы, АБДИ Гуманитарлық зерттеу институтының бас ғылыми қызметкері Рашид Ш. Кукашевтың мақаласының бірінші бөлімі де Дженкинсонның жаңадан табылған «вроцлавтық» картасына арналған.
«Астана» ХҒК-ның ғылыми қызметкері, география ғылымдарының кандидаты Сергей В. Рассказов өз зерттеулерінің нәтижелерін сипаттап, XVIII–XIX ғасырдың басындағы Ресейдің бірегей тарихи карталарының көшірмелерін ұсынды.
-
Нөмір 1 № 2 (2023)
Қазақстанның қазіргі саяси мәдениеті – бұл қазақ қоғамының көршілес халықтар мен мемлекеттермен көп ғасырлық өзара әрекеттесу тәжірибесі. Оның қалыптасуының ең маңызды кезеңі – 18 ғасырдың екінші жартысы – 20 ғасырдың басы, қазақ даласы Ресей империясының отарлау объектісіне айналып, Цин империясы және Орталық Азия хандықтарымен белсенді халықаралық қатынастарға түскен кезең. Осындай шекаралық өзара әрекеттесу, қазақтардың одан әрі отарлануы, жаулап алуы және Ресей империялық кеңістігіне қосылуы, одан кейінгі көшіп-қонушылардың үздіксіз толқыны, саяси тәуелсіздіктің түпкілікті жоғалуы жағдайында қазақ қоғамының қандай саяси ерекшеліктері қалыптасқанын түсіну маңызды. Қазақ тарихының осы кезеңіндегі оқиғалар мен үдерістер жаңа саяси тәртіпті айқындаған көп факторлардың біріне айналды. Оларды түсіну заманауи мәселелерге жауап табуға көмектеседі. Осыған байланысты «Qazaq Historical Review» ғылыми журналының редакциялық алқасы мен АБДИ гуманитарлық зерттеулер институтының ұжымы келесі шығарылымның (2, 2023) тақырыбы ретінде 18 ғасырдың екінші жартысы мен 20 ғасырдың басындағы қазақ саяси мәдениетінің трансформациясын таңдады. Редакция ғылыми зерттеулерінің нәтижелерін жариялау үшін қазіргі заманғы жетекші тарихшыларды автор ретінде шақырды. Жарияланған жаңа материалдар әрі қарай зерттеуге көмектеседі деп үміттенеміз.
-
Нөмір 1 № 3 (2023)
Кейінгі жылдары Қазақстанның саяси тарихында совет дәуіріндегі ақтаңдақтар мен түрлі зұлматтың қазақ тағдырына қалай ықпал еткені айрықша зерттеліп келеді. Қазақстан саяси жетекшілігі өткен тарихымызды зерделеуге білікті мамандарды тарту қажеттігін айтып отыр. Қазақ халқының басынан өткерген ауыр ашаршылық пен саяси қуғын-сүргін және әртүрлі халықтарды қазақ жеріне күшпен қоныстандыру саясаты кейінгі тарих ғылымының өзекті мәселесінің біріне айналды. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев мұндай күрделі мәселеге барынша ұстамдылықпен және жауапкершілікпен қарауды тапсырды. Қазақстан президенті «тарихи зерттеулер ұраншылдық пен даңғазасыз, таза ғылыми ұстаныммен жүргізілуге тиіс, сонда ғана 1920 жылдардың 20–30 жылдарындағы алапат ашаршылыққа объективті баға беруге болады» деп санайды. Қазақстан 1920–1950 жылдар аралығындағы саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөнінде арнаулы мемлекеттік комиссия құрды. Комиссия үш жылдан аса жұмыс істеп (2020–2023), ауқымды ғылыми-зерттеумен шұғылданды. Сол зерттеулер қорытындысы бойынша архивте жатқан 2,6 миллионнан астам құжат пен материалдан «құпия» белгісі алынды. 311 мыңнан астам саяси қуғын-сүргін құрбаны ақталды. Қазақстан тарихшылары мен архив қызметкерлері бұл бағыттағы ізденістерін әлі де тоқтатқан жоқ. Мұның бәрін ескере отырып, «Qazaq Historical Review» ғылыми журналының редакциясы мен АБДИ гуманитарлық зерттеу институтының ұжымы журналдың осы нөмірін (2023, 3) ашаршылық пен Совет одағындағы аз ұлттардың депортациясы тарихына арнап отыр. Редакция ғылыми зерттеулерінің нәтижелерін көпшілікке таныстыру мақсатымен өз саласы бойынша белгілі тарихшы ғалымдарды автор ретінде тартты. Бұл нөмірде алғаш жарияланып отырған жаңа зерттеулер әрі қарайғы ізденістерді серпін беруге септігін тигізеді деген ойдамыз.
Қазақ тарихшысы Әлия Болатхан 1944–1953 жылдар аралығында Ресейден Қазақ КСР-нің Алматы облысына депортацияланған қалмақтар тарихы туралы зерттеуінің кейбір қорытындысын ұсынды. Наталья Кузовова мен Светлана Смағұлованың мақалаларында Украина мен Қазақстандағы жаппай ашаршылықтың азшылық ұлттарға және балаларға тигізген ауыр зардабы талданған. Профессор Тұрғанбек Алланиязов 1929–1931 жылдардағы қарулы көтерілістер туралы Қазақ КСР мемлекеттік қауіпсіздік комитетінің анықтамалары мен мәліметтерін сараптаған. Германия тарихшысы, профессор Виктор Дённингхаус 1920 жылдардың аяғында неміс халқының Совет одағынан Еуропа мен Америкаға жаппай дүрліге көшу тарихының қайғылы салдарын зерттеген. Беларусьтың жас тарихшысы Кирилл Латышев Бұқтырма өзенінің кең алқабына шоғырланған, советтік қуғын-сүргінге қарамастан этникалық топ ретінде ерекшеліктерін сақтап қалуға тырысқан «көне дәстүршіл орыс шаруалары» («Бухтарминские старообрядцы». – Ред.) туралы советтік кезеңнен кейінгі зерттеулерді жинақтап, түйіндеген. Юлия Простакова ғылыми мақаласы 1950–1960 жылдардағы Совет одағының мерзімді баспасөзінде «Батыс» бейнесі қалай көрсетілгеніне арналған. Профессор Альбина Жанбосынова архив құжаттарына сүйене отырып, 1920–1950 жылдардағы әлеуметтік-саяси оқиғаларды бастан кешкен Алдияровтар әулетінің үш ұрпағының трагедиясын баяндаған.
Журналдың бұл нөмірінің арнаулы редакторы: тарих ғылымдарының докторы, Лев Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің профессоры Альбина Жанбосынова.
-
Нөмір 1 № 4 (2023)
Қазіргі Қазақстан ұлттық ерекшелігін зерделеу мен ұлттық идеясын қалыптастыру жолындағы жаңа ізденістер кезінде өзінің ортағасырдағы төл тарихына баса ден қойып келеді. Тарихи өткенімізді тану процесіне арналған жаңа тарихи нарративтер бағытының әлеуметтік өзектілігі мен маңызы зор. Жаңа ұлттық тарихи зерттеулерде Алтын Орда мұрасы және оның қазақ тарихы мен мемлекеттілігіне қаншалықты ықпал еткені айрықша маңызды орын алады. Қоғамдық санада бұған дейін, әсіресе совет кезеңінде Алтын Орданың шынайы тарихы жазылмады, көрінеу бұрмаланды стереотип қалыптасқаны байқалады. Осыған орай өз кезегінде ұлттық тарихты қайта пайымдау қажеттілігі туды. Бұл тұрғыдан 2019 жылы Алтын Орданың (Ұлық Ұлыс) 750 жылдығына, 2024 жылы Жошы ұлысының 800 жылдығына арналған мемлекеттік деңгейде ірі іс-шаралар өткенін айту керек. Ел президенті Қасым-Жомарт Тоқаев қазақ халқы Алтын Орданың тікелей мұрагері екенін, халқымыздың мәдени кодының жүлгесі сонда жатқанын атап өтті. Мұндай мерейлі іс-шаралар қоғамды ұйыстырып қана қоймай, терең ғылыми ізденістер мен ғылыми дәстүр қалыптастыруға жетелеуі қажет. Өткенді идеология мен мифологиядан ада ғылыми көзқараспен зерттеу – тарихты объективті зерттеудің аса маңызды шарты саналады. Сонымен қатар Алтын Орданың, жалпы ортағасырдың тарихын зерттеудегі әлем ғылымының тәжірибесі де ескерілуге тиіс.
Осы тұрғыдан алғанда «Qazaq Historical Review» ғылыми журналының редакциялық алқасы мен АБДИ гуманитарлық зерттеу институтының ұжымы бұл нөмірді (4, 2023) Қазақстан мен Еуразияның ортағасырлық тарихына қатысты деректану, тарихнама және тарихи зерттеулердің жаңа парасына арнады. Қазақстан, АҚШ, Жапония, Канада, Ресей, Украина, Финляндияның қазіргі заманғы жетекші тарихшылары автор ретінде тартылды.
Журналға жарияланған қазақ тарихшысы Нұрлан Атығаевтың мақаласында XVI ғасырдағы қазақ-қалмақ қатынастарының ерекшеліктері жазылған. Мәскеу профессоры Александр Қадырбаев мақаласында «Халықтардың ұлы көші» дәуіріндегі ірі оқиғалар сөз болған. Украин зерттеушісі Владислав Гулевич Алтын Орда ханы Мөңке-Темірдің Богемия королі Пржемысл ІІ Отакарға жіберген жұмбақ елшілігінің қыр-сырын тарата айтқан. Канада тарихшысы доктор Жу-Юп Ли «қазақлық» феномені жайлы зерттеуін жалғастырған. Қазақ-Америка профессоры Юлай Шамильоглу «Қара өлім» деген атпен мәлім бубон обасының Алтын Ордадағы саяси дағдарысқа қалай ықпал еткенін жазған. «Жарияланым» айдарына дереккөздердің жаңа аудармалары мен оларға жасалған латын (Роман Хауталының мақаласы), парсы (Хироюки Нагаминэ мақаласы) мен түрік (Ілияс Мұстақимов пен Қанат Өскенбайдың мақаласы) тілдерінен алынған түсініктемелер берілді. Журнал нөмірінің соңы Жу-Юп Ли мен Мари Фавероның жаңа кітаптарына шолумен аяқталған